Ботулизм - нені білу қажет?

Ботулизм - жоғары өліммен сипатталатын, жүйке жүйесіне басым зақым келтіретін ауыр тағамдық токсикоинфекция.

Ботулизм қоздырғыштарының споралары топырақ немесе ішек құрамы ластанған жануарлар, құстар және балықтардан жасалынған кез-келген тамақ өнімдерінде болуы мүмкін.

Ауру анаэробты жағдайда сақталған (оттегінің болмауы) консервіленген өнімдер, әсіресе үйде дайындалған, сонымен қатар шұжықтар, ысталған және тұздалған балық, бұқтырылған ет өнімдерін пайдаланғанда ғана пайда болуы ықтимал.

Аурудың дамуы өте жылдам жүреді, алғашқы 2-24 сағатта әлсіздік, іш ауруы, құсудың пайда болуы, көз алды торланып, бұлдырайды, бір нәрсе екеу болып көрінеді, ішкен асы тамақтан өтпей, шашалады, жұтыну қиындайды, даусы қарлығып, мұрын арқылы сөйлейді. Ауырған адамды дер кезінде емдемеу - тыныс алу бұлшықеттерінің сал ауруынан өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін.

 

Ботулизмнің алғашқы белгілері байқалған кезде дәрігерге көріну қажет, ешқандай жағдайда үйде өз бетімен емделуге болмайды, себебі ауруды емдеу үшін антиботулиндік сарысу қолданылады!

Республика бойынша 2023 жылы зардап шеккендердің саны-23 адам, ботулизм ауруының 18 жағдайы тіркелді. Ботулизм жағдайлары Алматы қаласында, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Ақтөбе және Ақмола облыстарында тіркелді. Мұның себептері үйде дайындалған консервілерді жеу салдарынан болды: маринадталған қияр, маринадталған көкөніс салаттары (баклажан), маринадталған саңырауқұлақтар, ысталған қызыл балық.

Тұрғындарды үй консервілерін қоғамдық сауда орындарында кездейсоқ адамдардан сатып алмауға және де қаптаманың бүтіндігі бұзылған белгілері бар жағдайда пайдаланбауды ұсынамыз.