- Толығырақ
-
Жарияланды 10.07.2023 17:23
-
Қаралды: 622
Жіті ішек инфекциясы дегеніміз не? Жіті ішек инфекциясы - асқазан-ішек жолдарының зақымдалуымен және интоксикациямен өтетін жұқпалардың үлкен бір тобы. Науқас адамдар мен бактерия тасымалдаушылар – жұқпа көзі болып табылады, жұқпа қоздырғыштары тағам, су, тұрмыстық-қатынас жолдары арқылы таралады.
Жұқпа қоздырғышының адам ағзасына түскеннен кейін, аурудың белгілері басталғанға дейінгі уақыт, бірнеше сағаттан 2 тәулікке дейін созылады. Әдетте, сырқаттанушылық кенеттен басталады. Сырқаттанған адам дене қызуының көтерілуіне, қалтырау, іш қуысында ауру сезіміне шағымданады. Сондай-ақ, бас ауру, әлсіздік, жүрек айну, тәбеттің болмауы қатар байқалады. Науқаста жиі құсу және іштің өтуі белгілері дамиды.
Ішек инфекцияларының алдын алу жолдары айтарлықтай анық және қарапайым тазалық ережелерін сақтауға бағытталған:
- жеке бас гигиенасын қатаң сақтаңыз, тағам даярлау алдында, ас ішер алдында, дәретханадан кейін, даладан келген соң қолыңызды сабынмен мұқият жуыңыз;
- кездейсоқ сауда орындарынан азық-түлік алудан бас тартыңыз, әсіресе дайын салат, холодец, сүт тағамдары, шұжық сияқты тез бұзылатын тағамдарды алудан аулақ болыңыз;
- тез бұзылатын тағамдарды сатып алмас бұрын, оның таңбасына, сақталу мерзіміне, жарамдылығына назар аударыңыз;
- дайын тағам мен ыстықпен өңдеуді қажет ететін азықтарды бір сөмкеге салмаңыз (шикі ет және кондитерлік өнім, көкөністермен нан және т.б.);
- тез бұзылатын азық-түліктерді тоңазытқышта, температуралық тәртіпті және сақталу мерзімін ұстана отырып сақтаңыз;
- тағамдарды жеткілікті мөлшерде ыстықпен өңдеңіз;
- дайын асты бөлме температурасында 2 сағатқа дейін ғана сақтаңыз;
- жеміс-жидектерді, көкөністерді мұқият жуып, қайнаған сумен шайыңыз;
- қайнатылған және бөтелкедегі суларды қолданыңыз;
- азық-түліктердің жәндіктер және кеміргіштермен байланысына жол бермеңіз.
- Аурудың бірінші белгілері анықталған жағдайда шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіңгеніңіз абзал және өз бетінше емделмеңіз!