Республикада жыл сайын құтырма (гидрофобия) ауруы тіркелуде (2020 жылы – 1 жағдай Алматы қаласында, 2021 жылы – 1 жағдай Қызылорда облысында, 2022 жылы – 1 жағдай Түркістан облысында).
Сондай-ақ республикада құтырма ауруы ауылшаруашылық, жабайы және үй жануарлары арасында да тіркелуде.
Астана қаласында құтырма ауруы бойынша эпидемиологиялық, эпизоотиялық жағдай тұрақты. Ағымдағы қадағалау құтырма ауруының алдын алу үшін зардап шеккен адамдарға көмекті уақтылы көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған.
2022 жылы антирабиялық, немесе құтырмаға қарсы, көмекке жануарлардың тістеуінен, тырнауынан және сілекейленуінен зардап шеккен 2099 тұлға жүгінсе, 2021 жылы 1702 адам жүгінген. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш шамамен 184 және 144 адамды құраған, антирабиялық көмекке жүгінгендердің саны 397 адамға көбейген. Зардап шеккендердің ішінен 14 жасқа дейінгі балалар 38,8 % құраған (2021 жылы – 37,8 %). Зардап шеккендердің 48,9 % (1017 адам) жануарлардың ауыр зардаптауына байланысты кешенді екпе қабылдаған. Жарақатының күрделілігіне қарай, 13 адам ауруханаға жатқызылған.
Жануарлардың тістеуінен зақым алған 2098 науқастарға екпе белгіленді, оның ішінде емдеу-профилактикалық иммундаумен 95,7% адам қамтылды. Екпе қабылдаған науқастарда кері әсер және асқынулар тіркелген жоқ.
Тұрғындарды өз денсаулығы мен өміріне немқұрайлы қарамауға және дәрігерлерге уақтылы жүгінуге шақырамыз!