АБАЙЛАҢЫЗДАР, ТРАНСМАЙЛАР

Трансмайлар дегеніміз құрамында қанықпаған май қышқылдарының транс-изомерлері бар майлар. Трансмайлар аз мөлшерде табиғи азық-түліктерде (күйіс қайыратын жануарлардың сүті мен етінде, сондай-ақ өсімдік майларында) болуы мүмкін, бірақ ең үлкен қауіпті өнеркәсіптік жолмен өндірілген және әртүрлі азық-түліктерге қосылған трансмайлар туғызады.

Өнеркәсіптік өндірілген трансмайлар – гидрогендеу (сутекті қосу) арқылы сұйық өсімдік майларынан алынған қатты майлар. Гидрогендеу тәртібі (қатыру) майлардың жарамдылық мерзімін едәуір арттырады, бұл әртүрлі тамақ өнімдерін өндірушілер үшін өте тиімді. Егер өсімдік майларының көпшілігі адам ағзасына өте пайдалы болса, ал гидрогендеу үдерісінен кейін майдың химиялық құрамы өте өзгеріп, адам ағзасына қауіптілік тудырады. Айта кету керек, кәдімгі өсімдік майлардың өзі қуыру кезінде трансмайлардың көзіне айналады. Дәл осы себептен дәрігерлер мен диетологтар қуырылған тағамдарды мейлінше азайту керектігі туралы кеңес береді.

 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) өнеркәсіптік трансмайлардың адам ағзасына қауіпті әсерін мойындай отырып, өндірушілерге оларды азық-түлік құрамынан толығымен алып тастауды, ал тұтынушыларға транс майларды тұтынуды жалпы энергия тұтынудың тәуліктік межесінен 1% (2-3г) дейін төмендетуді ұсынады.

Трансмайларға адам ағзасында жиналу қасиет тән, бұл әртүрлі ауруларға әкеліп соқтыруы мүмкін.