Жыл сайын 12 мамырда мейіргерлер өздерінің кәсіби мерекесін атап өтеді.
32 жылдық жұмыс өтілі бар медбике Ақмарал Омарова өзінің еңбек жолында болған қызықты оқиғаларын айтып берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ақмарал Омарова 1990 жылдан медицина саласында еңбек етеді. Еңбек жолын аылдағы стационардан бастаған. Ал қазіргі қызмет орны – №15 қалалық емханада 15 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
Ауылдағы ересек пациенттерді және балаларды емдеп, үлкен тәжірибе жинады. Себебі ол кезде бір ғана аурухана болыпты.
«Мен 90-шы жылдары басымнан кешкен бір оқиғаны айтып берейін. Наурыз айының бір күні толғақ қысқан әйел келді. Бала босандыруда тәжірибем болмаса да жауапкершілікті қолыма алуыма тура келді. Ауруханаға жұмыс істеуге келген алғашқы уақытым. Жұмыс өтілім өте аз, тіпті бір жыл да болмаған еді. Ол кезде 20 жаста едім. Құдайға шүкір, сол күні бәрі сәтті өтті. Бала аман-есен дүниеге келді. Сөзбен айтып жеткізе алмайтын сол бір сезім әлі күнге дейін есімде», - деп бөлісті ол.
Оның айтуынша, медбикенің жұмысындағы басты нәрсе – пациенттермен тілдесу және оларға жанашырлық таныту.
«Маған бүлдіршіндермен жұмыс істеген ұнайды. Олармен жұмыс істегенде еріксіз аналық қамқорлық пен сүйіспеншілігің байқалады. Бірақ қазір №1 учаскеде жалпы тәжірибелік дәрігермен бірге ересектермен де, балалармен де жұмыс істеймін. Біз екі сағат балаларды қабылдасақ, екі сағат уақытымызды ересек пациенттерімізге арнаймыз», - дейді ол.
Медбике сондай-ақ цифрлы технологиялар болмаған жылдарды еске ала отырып, ақпараттық жүйелер жұмысты әлдеқайда жеңіл еткенін атап өтті.
«Кешенді медициналық ақпараттық жүйедегі жазбаның бәрі емхана мамандарына ғана емес, жоғары тұрған ұйымдарға да көрінеді. Осылайша пациенттің бүкіл тарихын көруге болады, ол үшін пациентті іздеудің қажеті жоқ. Бұл дәрігерлер мен пациенттерге өте ыңғайлы», - деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, елордалық Денсаулық сақтау жүйесінде 11 мыңнан астам орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.