Айнұр Еркінбекқызы Айтқұлова. 7 жыл бойы Астана Медицина Университетінде білім алып, қазір № 15 қалалық емханасында жалпы тәжірибелік дәрігері (ЖТД) болып 11 участокта қызмет атқарып жатыр. Бұл участок пациенттердің ең көп тіркелген участогі болып саналады.
Күніге әртүрлі пациенттермен, оның ішінде балалармен, жүкті әйелдермен, босанған әйелдермен де жұмыс жасайды. Оларға кеңес беріп, емдеп, тәжірибе жинақтап, білімін шыңдап жүр. Емдеу барысында пациенттерге, бірінші қай ауру болмасын, аурудың алдын алу туралы кеңес береді.
Ал пандемия кезінде көбіне Ковид-19-дан сақтану жолдары туралы көбірек айтады, өйткені жоғарыдағы пациенттердің бәрі дерлік «қатерлі топқа» жатады.
Олар ауырып қалған жағдайда, тез көтеріліп кетуі қиынға соғады. Және де көп пациенттер әлеуметтік желілерден Ковид-19-ға қарсы екпе алу туралы қарама-қайшы пікірлерді оқып, екпе алғылары жоқ.
«Әрине, вакцина алғандар мүлдем ауырмайды деген пікір айта алмаймын, – дейді дәрігер. - Бірақ, ауырса да, ауру жеңіл түрде өтіп, көбі үйден емделіп, тез жазылып кетеді».
Ковид-19 тез таралатын жұқпалы ауру екенін, және де оның түрленген штамдарының көбейіп жатқанын естен шығармаған жөн екенін айтады дәрігер. Сондықтан аурудың дер кезінде алдын алу үшін барлығымызды уақытында екпе алуымызға шақырады.