ЖҰҚПАЛЫ ІШЕК АУРУЫНАН ҚАЛАЙ САҚТАНУ КЕРЕК?

Ауа райы жылынып, жаз мезгілі ыстық уақытта келді біздің өлкемізге.

Жұқпалы жіті шек ауруларының бас көтеретін мезгілі қазіргідей жаз айлары болып есептеледі.  Себебі ауадағы жылы температура жұқпалы ішек аурулар сальммонеллез, дизентерия, протея т.б. қоздырғңыштарының тез тарауына қолайлы жағдай туғызады.

Жедел ішек инфекциялары – бұл бактериялар, вирустар, қарапайымдылар тудыратын және балалар мен ересек адамдарда ішек қызметінің бұзылуымен (диарея) қатар ағзаның улануымен  сипатталатын жұқпалы ауру

Ішектің ауруға шалдығуынан, кейде іштің бұзылуы организмінің кейбір тағамдарды қорыта алмауымен байланысты. Ішек инфекциясы- жұқпалы ауру. Инфекция ауыз арқылы жұғып, қоздырғышы ішекте өсіп жетіледі де, микробтары нәжіспен ілесіп сыртқы ортаға тарайды. Бұл инфекциямен көбінесе балалар аурады, әсіресе 3 жасқа дейінгі сәбилер осы кеселге шалдыққыш келеді.

Жұқтырудың негізгі жолдары мыналар: нәжіс арқылы, ауыз арқылы, тағам, су арқылы, қарым-қатынас арқылы, тұрмыстық заттар арқылы, ауа, шаң-тозаң арқылы. Мұндағы жұқтыруға сеп болатын заттар: тағам, су, сонымен қатар науқас адамның нәжісімен залалданған қолданыстағы заттар, ойыншықтар,  тіпті шыбын-шіркейлер де таратушылар қатарына жатады. ЖІЖ-дің тарауына үй ішінің, қоршаған ортаның, жеке бас тазалықтарын сақтамау, сақталу мерзімі өткен тағамды қолдану, санитариялық талаптары сақталмай дайындалған асты пайдалану, жеміс-жидектерді жумай жеу сияқты жағдайлар  себеп болады.

Жіті ішек жұқпасының клиникасы:

Іштің жиі-жиі судай өтуі, дене қызуының көтерілуі, сәбилердің емшектен бас тартуы, асқа тәбеті болмау, шөлдеу, құсу, бас ауру, жалпы әлсіздік, селқостық, мазасыздық, ауырсыну, дәретінде қан қоспасының немесе кілегейдің пайда болуы. Науқастың жиі құсып, іш өткен сайын  жағдайы ауырлай түседі. Өйткені, организм өзіндегі тіршілікке қажетті су мен тұздарды көп жоғалтады. Жоғарыдағы аталған клиникалық белгілер пайда бола бастаса міндетті түрде дәрігерге көрінуі керек.

Емдеделу жолдары:

Мұндай кезде дәрігер келгенге дейін біраз уақыт кетеді. Сондықтан мүмкіндігінше ем жасай бастаған жөн. Ол үшін сұйықтықты мол, көбірек ішкізген жөн. Ең қолайлы сусын: емшек сүті, қайнатылған су, айран, күріш қайнатпасы, жеміс-жидектер компоты жоғалған сұйықтықтың орнын толтыру үшін сонымен қатар сұйық шай, кисель, қайнатылған және салқындатылған су, ауыз арқылы ішетін тұзды-минеральды су ерітіндісі- «Регидрон» ұнтағының 1 пакеті қайнатылып, бөлме температурасында суытылған 1 литр суға дайындайды.  Дайын ерітіндіні әрбір 3-5 минут сайын  ішу керек. Егер құспаса, аз-аздан жиі ішкізуге болады. Ерітінді әрбір күнге жаңадан дайындалады  Антибиотик қолдануға болмайды, өйткені аурудың клиникалық сипатын өзгертеді, мұның өзі дұрыс диагноз қоюды қиындатады. Әрі қарай емді тек қана дәрігердің берген кеңесімен қолдану керек.

Жіті ішек жұқпасының алдын алу шаралары: 

  1. Адамның жеке басына қатысты қарапайым тазалықты сақтаңыз. Балаңыздың қолын жиі жуып отырыңыз. Оған далада жүргенде және лас қолымен ештеңе жеуге болмайтынын түсіндіріңіз. Балаңыздың тырнақтарының өсіп кетпеуін қадағалап отырыңыз.
  2. Балаңыздың ойыншықтарын үнемі тазалап отырыңыз.
  3. Далада жүргенде құрамында антисептикалық заттары бар гигиеналық сулықтармен балаңыздың қолдарын жиі сүртіп отырыңыз.
  4. Пайдаланатын жеміс-жидектерді ағынды сумен жақсылап жуыңыз.
  5. Тез бүлінетін азық-түліктерді сақтау тәртібін ұстанатын, яғни тоңазытқышта сақтайтын сату орындарынан ғана сатып алыңыз.
  6. Қауіп тудырмайтын азық-түліктерді таңдап алу. Біз көптеген жеміс-жидектер мен көкөністерді пісірмей пайдаланамыз, алайда олардың жақсылап жуылуын қадағалауымыз керек. Ал пісірмей пайдалануға болмайтындардың ішіне сүтті жатқызамыз. Сүтті пісіріп қолдану керек немесе қайнатылып, қоюлатылған, яғни пастерилизацияланған сүт алған дұрыс. Себебі мұндай өңдеудің мақсаты тағамды неғұрлым залалсыз ету және сақтау мерзімін ұзарту болып саналады.
  7. Тағамды дұрыс дайындаңыз. Көптеген шикі азық-түліктердің: мал еті, құс еті, шикі сүтте патогенді микроорганизмдер жиі кездеседі.  Пісіріп, қуырған кезде бактериялар өледі, бірақ ыстық температурасы 70оС-қа жетуі тиіс. Құс етін пісіргенде сүйегіне дейін пісуі тиіс екенін естен шығармаңыз, шикі екенін көрсеңіз, онда оны толық піскенше отқа қайта қойыңыз. Мұздатылған мал еті, құс еті, балықты пісірер алдында ерітіп алу керек.
  8. Дайын тағамды уақытында жеңіз. Дайын тағам бөлме температурасына дейін салқындағанда, ондағы микробтар көбейе бастайды. Тағам неғұрлым осылай көп тұрып қалатын болса, соғұрлым ол тамақтан уланып қалу қаупі артады. Сол себепті тағамды дайын болысымен жеңіз.
  9. Азық-түлікті дұрыс сақтаңыз. Егер сіз тағамды артық дайындасаңыз немесе артығын сақтағыңыз келсе, онда оны ыстық (60оС-қа жуық немесе одан жоғары) немесе суық (10оС-қа жуық не одан артық) күйінде сақтауға болады. Бұл тағамды 4-5 сағаттан артық сақтау керек болатын жағдайда ұстанатын бірден-бір тәртіп. Балаларға арналған тағам сол мезетте пайдаланылуы керек және мүлдем сақтамағаныңыз жөн. Тағамнан уланудың қателігі кейде мынада жатады: тоңазытқышта көп мөлшерде жылы тағамды сақтаймыз. Онсыз да толып тұрған тоңазытқыш көп мөлшердегі ыстық тамақты суытып үлгермейді, сол себепті ондағы ыстық тамақтан тараған жылу (10оС-тан астам) ондағы басқа тағамдардағы микробтардың тіріліп, көбеюуіне әкеліп соқтырады.
  10. Шикі және дайын тағамдардың араласпауын қадағалаңыз. Дұрыс дайындалған тағам шикі тағаммен жанасудан залалданады. Мысалы, шикі тауық еті дайын асқа немесе аузы ашылған тағамға тиіп кетуі мүмкін. Сондай-ақ шикі ет туралған тақтай мен пышақты піскен ет, нан, жеміс-жидек немесе көкөніс турауға пайдаланса, олардағы микроорганизмдердің өсуі және соның салдарынан адам улануы мүмкін.
  11. Азық-түлік, тағамдарды жәндік, шыбын-шіркейлерден, кеміргіштерден және басқа да жануарлардан қорғалған жерлерде сақтаңыз. Жануарлар тағамнан улануды тудыратын патогенді микроорганизмдерді тасушылар екені белгілі. Сол себепті азық-түлікті қақпағы тығыз жабылатын ыдыстарда сақтаңыз.
  12. Таза су пайдаланыңыз. Ішу үшін де тамақ пісіру үшін де таза су қолданудың маңызы зор. Егер судың тазалығына күмәніңіз болса, онда оны пайдаланар алдында қайнатып алыңыз.
  13. Егер үйіңізде науқас адам болатын болса, оны балаңыздан оқшаулаңыз. Ортақ пайдаланған заттарды, киім-кешек, төсек-орын тыстарын дезинфекциялау керек.  
  14. Есік тұтқалары мен далаға шығарылатын ойыншықтарды антисептикпен өңдеп отыру керек. Үйдегі ойыншықтарды да жуып-шайып отыру керек.
  15. Үй ішін тазалықта ұстаңыз, үйде далаға шығатын аяқ киіммен жүрмеңіз. Үйіңізді күніне бірнеше рет желдетіп, ауасын жаңартып отырыңыз. Барлық келеңсіздіктен толық сақтану, әрине, мүмкін емес, алайда сақтану арқылы көптеген аурудың  алдын алып, балаңызды қорғауға болады.

«Ниет» ОДО ның  СӨС дәрігері

К.Қ.Ташимова