Жамбурчинова Айнагуль Нурахметовна
Тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу туралы
Жұқпалы аурулар стационарларының қабылдау бөлімшелерінде жұмыс істеген елордалық дәрігерлер коронавирус пандемиясының алғашқы толқыны туралы естеліктерімен бөлісті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
№15 қалалық емхананың дәрігері Айнұр Қарауылова мамыр айының басынан коронавирус жұқтырған науқастар жатқан жұқпалы аурулар орталығының қабылдау бөлімінде жұмыс істеді. Сол күндергі атқарған жұмысын қайғыра отырып та, бір жағынан қуана отырып та еске алды. Себебі қиын кезеңге қарамастан дәрігерлер қаншама адамды емдеп шығарды.
«Бастапқыда науқастар легі айтарлықтай көп бола қоймаған еді. Бірақ көп ұзамай жағдай мүлдем басқа бағытта өзгеріп салды. Маусым айының соңынан бастап науқастар саны күрт артты. Күн-түн демей жұмыс істедік. Әріптестерімнің арасында да жұқтырып, жұмыс істей алмай қалғандары болды. Ауыр міндет бәрімізге бірдей жүктелді. Жедел жәрдем көліктерінің бірі кетіп, екіншісі келіп жатты. Тіпті үш-төрт жедел жәрдем көлігі кезек күтіп тұрған кез болды. Науқастарды ес-түссіз каталкалармен әкеліп жатты. Бір сөзбен айтқанда өте қорқынышты кезеңді бастан өткердік», - деп Айнұр Қарауылова еске алды.
Дәрігердің есінде жылдам әрекет етуі тиіс мына бір жайт ерекше қалыпты: «Күндердің бірінде өкпенің қатерлі ісігі бар, дене қызуы жоғары, сатурациясы 30-дан төмен, ес-түссіз жатқан науқасты жеткізді. Дереу дефибриллятормен реаниматологтар бригадасын шақырып, каталкада жатқан науқаспен бірге жансақтау бөліміне ұшып жеттік. Уақыт жоғалтпай реаниматологтармен бірге ИВЛ аппаратын қойдық. Мұның бәрі 5-30 минут аралығын құрады. Дәл осы аралықта науқастың жанын ана өмірден қайтарып алдық десем де болады. Осы сәт көз алдымнан ешқашан кетпейді», - дейді ол.
Айнұр Қарауылованың айтуынша шілде айы бойы науқастар ауыр халде түсіп жатты. Сөз арасында сатурация жағдайы мүмкіндік беріп тұрғанда оларды компьютерлі томографияға бірден апарып жатқанын айтып өтті.